БІЗ КІМБІЗ?
Біз қазақ едік
Аққуды аттырмаған,
Доңызды жақтырмаған.
Ешқашан қара жолға,
Сәбиді лақтырмаған.
Біз қазақ едік
Жолдасын сатпайтұғын,
Дұшпанын даттайтұғын.
Әскері өз халқына,
Қаруын атпайтұғын.
Біз қазақ едік
Мол сауап жинайтұғын,
Үлкенді сыйлайтұғын.
Көңілін қалдырғанның,
Көңілін қимайтұғын.
Біз қазақ едік
Шындығын жасырмаған,
Тарихы ғасырлаған.
Жазықсыз сәбилерді,
Шет елге асырмаған.
Біз қазақ едік
Ұлдары жан сақтаған,
Қыздары тән сатпаған.
Осынау азаттықты,
Кетті ғой аңсап бабам.
Біз қазақ едік
Жақсыдан жерінбейтін,
Еңбектен ерінбейтін.
Ел едік ұл-қыздары,
Ру,жүзге бөлінбейтін.
Біз қазақ едік
Алласыз күні атпайтын,
Жетімін жылатпайтын.
У толған зымыранды,
Жеріне құлатпайтын.
Біз қазақ едік
Көк туы желбіреген,
Жүрегі елжіреген.
Көк бөрі ұрпағы едік,
Көздері мөлдіреген.
Біз қазақ едік
Кеудеге жалын берген,
Ұл-қызға тәлім берген.
Шынында біздер едік,
Ары үшін жанын берген.
Біз қазақ едік
Әрқашан ұлтым деген,
Отаным,жұртым деген.
Бірақ та разы емеспін,
Қазаққа бұл күнде мен...
Біз қазақ болдық
Өз-өзін алдайтұғын,
Мешітке бармайтұғын.
Той менен томалақтан,
Өлсе де қалмайтұғын.
Біз қазақ болдық
Әруаққа табынатын,
Жын ұрып қағынатын.
Ел болдық шын мәнінде,
Ресейге бағынатын.
Біз қазақ болдық
Бір-бірін күндейтұғын,
Жалғанды шын дейтұғын.
Айналдық мәңгүртке біз,
Өз тілін білмейтұғын.
Біз қазақ болдық
Бар болса көре алмайтын,
Жоқ болса бере алмайтын.
Басыңа іс түскенде,
Көмекке келе алмайтын.
Біз қазақ болдық
Жақсыны жаман дейтін,
Арамды адал дейтін.
Аңнан да бетер болдық,
Жамылған адам кейпін.
Біз қазақ болдық
Құдайдан ұялмайтын,
Иманын жия алмайтын.
Расында елге айналдық,
Отанын сүйе алмайтын.
Біз қазақ болдық
Арысын атып біткен,
Байлығын сатып біткен.
Бақытын басқа теуіп,
Құдайдан бақыт күткен.
Біз қазақ болдық
Көргені азап болған,
Әлемге мазақ болған.
Қазағы орыс болып,
Орысы қазақ болған.
Біз қазақ болдық
Шындыққа бойламайтын,
Ел-жұртын ойламайтын.
Ұлыстың ұлы күнін,
Дұрыстап тойламайтын.
Біз қазақ болдық
Билігі құбылатын,
Жүйрігі жығылатын.
Біз кімбіз бұл күндері?
Жырласын бүгін ақын.
Іштегі жан айқайды,
Жан барма ұғынатын?
Шынында біз кімбіз?
(с) ЕРЖАН МҰХИЯТДИНОВ